Алғы сөзді ҚР АҚДМ этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Айбек Жақсыбаев сөйледі. Комитет жұмысы туралы ақпаратпен бөлісіп, семинар-тренингтердің маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға жемісті жұмыспен сәттілік тіледі.
Тренинг бір мезгілде мемлекеттік және орыс тілдерінде, екі түрлі ZOOM платформаларында өтті. Тыңдаушылар саны 100-ден астам адамды құрады. Олардын арасында, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын жергілікті атқарушы органдардың мамандары, БАҚ, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және басқалары қатысты.
Тренерлер ретінде Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының мамандары: ҚЭЗИ директорының орынбасары Дана Әшімханова, этносаралық қатынастарды талдау департаментінің бас менеджерлері Гүлдана Оқасова мен Фарида Мұсатаева, этнодемографиялық дамуды талдау департаментінің бас менеджерлері Генриетта Строева мен Аяулым Сағынбаева, әлеуметтік зерттеулер департаментінің жетекші менеджері Меңдіхан Қобланұлы және әдістемелік жұмыс департаментінің бас менеджері Луиза Узарова шақырылды.
Тренинг барысында қатысушылар әлеуметтік психология, конфликтология және массмедиа қиылысу нүктелерін, сондай-ақ қазақстандық ерекшелікті ескере отырып, этнодифференциялау белгілерін қарастырды, икемді және қатаң менталды конструкцияларға әлеуметтік-психологиялық талдау жүргізілді, Қазақстандағы түрлі этностық топтардың қатысуымен қақтығыстардың негізгі маркерлері анықталды, нақты кейстерде этникалық өзара іс-қимылдағы БАҚ пен әлеуметтік желілердің рөлі қаралды. Қақтығыс, жанжалдарды ақпараттық жариялау үшін қолданылатын негізгі терминдер, ақпараттық қолдаудың модельдері мен деструктивті факторлары талданды. Нақты қақтығыстарды анықтауға ықпал ететін және шиеленісті арттыратын ақпараттандыру әдістері, жалған ақпаратпен күресу жолдары көрсетілді.
Тренинг интерактивті жұмыс әдістерін қолдана отырып өткізілді. Қатысушылар өз белсенділіктерін көрсетіп сұрақтарға жауап беріп, пікірлерімен және тәжірибелерімен бөлісті.