Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты
толығырақ

Астана қаласында Ғылыми-сарапшылық кеңесінің жұмыс отырысы өтті

Астана қаласында Ғылыми-сарапшылық кеңесінің жұмыс отырысы өтті
2026 жылғы 22 қыркүйекте Астана қаласындағы Достық үйінде Ғылыми-сарапшылық кеңестің «Этносаралық келісім қоғамдық тұрақтылық факторы ретінде: заманауи тәсілдер мен перспективалар» тақырыбындағы жұмыс отырысы өтті.

Отырыс этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтудың өзекті мәселелерін, қоғамдық институттардың қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеуді дамыту, сондай-ақ этносаралық ахуалды мониторингтеу тәсілдерін жетілдіру мәселелерін талқылауға арналды.

Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі қазіргі трансформациялар жағдайында қоғамдық институттардың қызметін сүйемелдеудегі ғылыми-сарапшылық әлеует және оны одан әрі дамыту перспективалары болды. Аталған тақырып бойынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» ғылыми-білім беру орталығының директоры, саяси ғылымдар докторы, ХҒА академигі, Ғылыми-сарапшылық кеңес төрағасының орынбасары Наталья Павловна Калашникова баяндама жасады.

Талқылау елде жүріп жатқан институционалдық өзгерістер аясында ерекше өзектілікке ие болды. Отырыс қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекітті. Оның алғашқы сессиясы 2026 жылғы 23–24 қыркүйекке шақырылды. Жаңа конституциялық институт қоғамдық құрылымдардың, сарапшылық алаңдардың және өңірлердің өкілдерін біріктіріп, заң шығару бастамасы құқығына ие.

Өз сөзінде Наталья Калашникова Ғылыми-сарапшылық кеңестің 17 жылдық қызмет тарихына, этносаралық қатынастар саласындағы сараптамалық-талдамалық жобалар мен ғылыми-қолданбалы зерттеулерді іске асыруда жинақталған тәжірибеге, сондай-ақ кәсіби кадрлар даярлау мәселесіне назар аударды. Жаңа қоғамдық институттардың қалыптасуы жағдайында жинақталған ғылыми-сарапшылық әлеуетті одан әрі пайдалану, кәсіби өзара іс-қимылды кеңейту және қоғамның өзекті сұраныстарына бағытталған қолданбалы ұсынымдар әзірлеу ерекше маңызға ие екені атап өтілді.

Перспективалы бағыттардың бірі ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында 2026 жылғы 1 қыркүйекте құрылған «Шаңырақ» ғылыми-білім беру орталығының қызметі атап өтілді. Бірлескен жобаларды іске асыру, әріптестік байланыстарды кеңейту, сондай-ақ жас зерттеушілерді тарту ғылыми ынтымақтастықты дамытуға және жаңа зерттеу бастамаларын қалыптастыруға қосымша мүмкіндіктер береді.

«Қалалық динамика жағдайындағы этносаралық келісім және қоғамдық бірлік» тақырыбын Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының өкілі Жанна Абдуали таныстырды. Баяндама барысында қазіргі қалалық ортаның қарқынды дамуы жағдайындағы этносаралық өзара іс-қимылдың ерекшеліктері қарастырылды. Атап айтқанда, халық санының өсуі, ішкі көші-қон, урбанизация, әлеуметтік және мәдени ортаның өзгеруі секілді үдерістердің қоғамдық қатынастарға ықпалына назар аударылды. Осы тұрғыда қала кеңістігінде қоғамдық келісімді сақтау мен нығайту үшін әлеуметтік үдерістерді тұрақты зерделеу және тұрғындардың әртүрлі топтары арасындағы өзара байланысты дамыту маңызды екені атап өтілді.

Сонымен қатар, қоғамдық бірлікті нығайтуда мемлекеттік органдар, қоғамдық институттар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері арасындағы жүйелі өзара іс-қимылдың маңыздылығы айтылды. Қалалық ортадағы өзгерістерге уақтылы ден қою, тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату, конструктивті диалог алаңдарын дамыту және қоғамдық көңіл-күйді зерделеу этносаралық қатынастар саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Мұндай кешенді тәсіл қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, өзара сенімді нығайтуға және қала тұрғындарының ортақ азаматтық кеңістікке қатыстылығын арттыруға бағытталған.

Отырыстың жеке блогы этносаралық ахуалға далалық мониторинг жүргізу мәселесіне арналды. Аталған тақырып бойынша Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Дулат Өтеғали Болатұлы баяндама жасады. Баяндама барысында мониторингтік сапарды жеке бір іс-шара ретінде ғана қарастыруға болмайтыны атап өтілді. Ол кабинеттік зерттеуден басталып, далалық зерттеу арқылы жалғасатын және қорытынды аналитикалық есеп әзірлеумен аяқталатын кешенді зерттеу процесінің құрамдас бөлігі болып табылады. Мұндай тәсіл өңірдегі этносаралық ахуалды белгілі бір кезеңдегі жағдай ретінде ғана емес, оның динамикасын, себептерін және өзгеруіне ықпал ететін факторларды жүйелі түрде зерделеуге, өзекті үдерістерді қадағалауға, қоғамдық көңіл-күйдегі өзгерістерді анықтауға және бағалауға, мониторингтік жұмыстың практикалық аспектілерді қарастыруға мүмкіндік береді. 

Қатысушылар болып жатқан қоғамдық үдерістер туралы неғұрлым кешенді түсінік қалыптастыруға мүмкіндік беретін ғылыми-сараптамалық талдау мен қолданбалы мониторингті ұштастырудың маңыздылығын атап өтті. Өткен отырыс сараптамалық бағалар мен практикалық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ қазіргі қоғамдық-саяси және институционалдық трансформациялар жағдайында ғылыми-талдамалық жұмыстың жаңа бағыттарын талқылауға арналған кәсіби алаңға айналды.

 

Редактор ИПЭИ

Жаңалықтар