Іс-шара кең аудиторияны қамтыды, оның негізгі тыңдаушылары этносаралық салада қызмет ететін және зерттеу жүргізумен айналысатын мамандар, ғалымдар болды. Шараны кафедра доценті, жоба жетекшісі, PhD Отар Эльмира Сәкенқызы модераторлық етті. Эльмира Отар жобаның мақсаты, міндеті және зерттеу ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
Дөңгелек үстелде негізгі спикрелер ретінде жоба мүшелері - тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Азиялық зерттеулер институтының директоры Ким Герман Николаевич «Балалардың әлеуметтенуіндегі және жеке басын қалыптастыруындағы ананың рөлін мәдениетаралық талдау», әлеуметтану ғылымдарының докторы, ҚР МАМ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Садвокасова Айгуль Какимбековна «Өзбек әйелдерінің мысалында әйелдердің күнделікті өміріндегі азаматтық және этникалық бірегейліктің көрінісі», Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтану кафедрасының постдокторанты, Накипбаева Жанар Абдуакановна «Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы түрік әйелдерінің бірегейлігі мен күнделікті өмірі» тақырыбында жасап, зерттеу нәтижелерімен қатар далалық кезеңнің де қызықтары мен қиындықтары туралы сөз қозғады.
Қонақ спикер ретінде Әлеуметтану кафедрасының магистранты Тынгышева Назгуль «Қазақстанның күрд әйелдерінің бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі» тақырыбында өз нәтижелерімен бөлісті.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен қатысқан мамандар мен ғалымдар зерттеудің әдіснамасына, қорытындыларына қатысты ойларымен бөлісті және өздерінің де жүргізіп отырған зерттеулері бойынша салыстырмалы талдау жасап, оларды жетілдіру бойынша да сұрақтарға жауап алды.