Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты
толығырақ

«Kazakhstan Sociology Lab» Әлеуметтанушылар мектебіне қатысу туралы

«Kazakhstan Sociology Lab» Әлеуметтанушылар мектебіне қатысу туралы
Абзалбекова Айжан, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының менеджері

Институт қызметкерлері өздерінің кәсіби біліктілігін арттыру үшін үнемі жұмыс жасайды. Этносаясат саласындағы қолданбалы зерттеулер деректерді жинау және оларды талдау әдістерін қолдану бойынша білім мен дағдыларды жаңартуды және тереңдетуді талап етеді. Мұндай мүмкіндік Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған «Kazakhstan Sociology Lab» Әлеуметтанушылар мектебінің жобасымен ұсынылды. Мен бұл жобаға 2023 жылдың ақпанынан қарашасына дейін қатыстым. Бұл мақалада мен қызықты және кәсіби жобаға қатысу тәжірибесімен бөліскім келеді.

Әлеуметтанушылар мектебі – әлеуметтанушылар мен әлеуметтік зерттеушілер деректерді жинау мен талдаудың жаңа қолданбалы әдістерін игеретін білім беру және зерттеу жобасы. Бұл жобаның ерекшелігі – data science-тің оқыту дағдыларына, яғни бағдарламалауға басымдық беруі болды. Мектеп аяқталғаннан кейін қатысушылар әртүрлі бағыттар бойынша policy-oriented зерттеулер жүргізуі керек болды.

Мен осы жоба үшін конкурсқа қатысуға өтінімді 2022 жылдың қараша айында тапсырдым. Осы мақсатта мен түйіндеме, мотивациялық хат және екі ұсыныс хат дайындадым. Нәтижесінде мен байқаудың бірінші кезеңінен өттім, содан кейін келесі кезең – статистика бойынша курстан өз бетінше өту. Екі кезеңнен өткеннен кейін мен осы жобаның қатысушысы болдым.

Мектеп бағдарламасы 4 модульден тұрды. Сабақтар аптасына 2 рет орта есеппен үш сағаттан онлайн режимде өткізілді. Әр модульдің басында екі күндік офлайн воркшоп өтті, оның барысында қатысушылар жиналып, танымал зерттеушілер мен әлеуметтанушылардың дәрістерін тыңдады, тренингтерден өтті, бір-бірімен танысып, кофе-брейктер мен түскі ас кезінде сөйлесті.

Өтінім берген сәттен бастап Мектеп аяқталғанға дейінгі кезең барлығы бір жылды құрады, оның 7 айында біз, жоба тыңдаушылары, әрқайсысы екі онлайн курстан тұратын 3 модуль бойынша белсенді түрде оқытудан өттік. Қатысушылар келесі курстардан өту арқылы зерттеудің жаңа әдістерін игерді – «Статистикаға кіріспе», «R бағдарламалау», «Сапалық әдістер», «Research design», «Causal Inference» (эксперименттік әдістер), «NLP», «Желілік талдау», «Кеңістіктік талдау». Сонымен қатар, біз зерттеу топтарына бөліндік және жобаның 4-ші модулі аясында, қалған 3 айда, өз зерттеулерімізді жүргізу және policy paper жазу бойынша топтарда жұмыс істедік.

2023 жылдың 29 қарашасында Әлеуметтанушылар мектебінің аясында қорытынды конференция – «Graduation Conference-2023» өтті, онда қатысушылар топтық жобалық зерттеу нәтижелерін ұсынды. Мен қатысқан топ гендерлік мәселелерді зерттеумен айналысты. Біздің зерттеуіміздің тақырыбы – «Әлеуметтік желілердегі серіктестік зорлық-зомбылық жағдайларын қабылдау динамикасы». Зерттеу аясында біз YouTube-ті мысал ретінде (2019 жылдан 2023 жылға дейін) пайдалана отырып, қазақстандық медиа және блогтардағы серіктестік зорлық-зомбылық туралы дискурс соңғы жылдары қалай өзгергенін зерттедік. Зерттеу жұмысымыздың негізгі бағыты NLP (Nature language processing in R) әдістерін пайдалана отырып, пікірлерді талдау болды.

Сонымен қатар, топтағы үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өткен жөн, онсыз біз жұмысты сапалы аяқтай алмас едік. Біз таңдаған тақырып өте өткір және күрделі болғанымен, біз жұмысты лайықты деңгейде аяқтап, оны зерттеу қауымдастығы мен журналистерге ұсына алдық. Қорытынды конференцияда мен топ атынан зерттеудің қорытынды нәтижелерін ұсындым. Біздің топ жазған жұмыс құжаты (Working paper) Мектеп сайтында (https://sociologylab.kz/school/ru) «Зерттеу орталығы» бөлімінде берілген.

Бұл жоба маған жаңа білім мен дағдыларды ғана емес, сонымен қатар нетворкингті де бергенін атап өткім келеді. Мектептің оқытушылары мен тәлімгерлері қазақстандық және шетелдік танымал әлеуметтанушылар мен зерттеушілер болды. Мен жобаның басқа қатысушыларымен таныстым, олар әлеуметтанушылар, саясаттанушылар және басқа салалардың әлеуметтік зерттеушілері болды. Басқа нәрселермен қатар, мен зерттеу тақырыбы бойынша өзімнің сараптама деңгейімді арттырдым. Әлеуметтанушылар мектебінде алған білім мен дағдыларды кәсіби қызметімде пайдалануды жоспарлап отырмын.

 
Редактор ИПЭИ

Жаңалықтар