Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты ұйымдастырды.
Конференцияға этносаралық қатынастар, конфликтология және этнопсихология саласындағы отандық және Ресей, Украина, Өзбекстан, Израиль және Болгариядан келген шетелдік сарапшылар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, прокуратура және облыстық соттардың, Ұлттық экономика, Ішкі істер министрліктерінің, ҚР АҚДМ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының, Философия, саясаттану және дінтану институтының өкілдері және т.б. қатысуда.
Конференцияның пленарлық отырысы Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтау сөзімен ашылды. Құттықтау сөзде этносаралық қатынастар тақырыбының маңыздылығы, ел дамуының қазіргі кезеңі үшін бірлік пен келісімнің құндылығы атап өтілді.
Сонымен бірге, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов, Ұлттық экономика вице-министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады.
Конференция жұмысы төрт секция бойынша өтуде:
1) Көпэтносты елді мекендердегі әлеуметтік проблемаларды шешудегі жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық институттардың рөлі;
2) Шиеленістер мен наразылық көңіл-күйлерді алдын алу және оларды ескерту;
3) Мультимәдени ортадағы қақтығыстардың алдын алу ісіне ғылыми-сараптамалық әлеуетті пайдалану;
4) Қоғамдық келісімді нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен БАҚ-тың рөлі.
Конференцияның бірінші күні сарапшылар қақтығыстар мен наразылық көңіл-күйлердің негізгі себептері, заманауи қоғамдардағы этногенездің жаңа аспектілері, жергілікті деңгейде этносаралық қатынастарды реттеудегі жергілікті атқарушы органдардың рөлі және әлемдік тәжірибе, этносаралық интеграция саласындағы әлеуметтік-экономикалық саясат, студент жастардың көп мәдениетті ортасындағы азаматтық бірегейлікті нығайту, сондай-ақ халықтың әлеуметтік мәселелерін шешудегі мәслихаттардың рөлі тақырыптары талқыланады. Қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда жоғары оқу орындарының рөлі, оңтүстік Қазақстанның этникалық құрылымының даму ерекшеліктері мен келешегі, ұлттық, нәсілдік, этносаралық алауыздықпен күресудің саяси-құқықтық аспектілері, этносаралық салаға әсер ететін жүйелі проблемалар мен факторлар жеке қаралды.
Конференцияның екінші күні қатысушылар шекара маңы ынтымақтастығы және халық дипломатиясы, әлеуметтік желілердегі қақтығыстық жұмылдыру, жаһандану және ксенофобия, қақтығыстарды басқару және бірегейлік саясаты, ақпараттық қауіпсіздік, тарихи сана мен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы қазақстандық және әлемдік тәжірибе, полиэтносты ортадағы жастарды толеранттылыққа тәрбиелеудің психологиялық маңыздылығы және т. б. өзекті тақырыптар қозғалатын болады.
Конференция соңында қорытынды Қарар қабылданады.