Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты ұйымдастырды. Жиын офлайн және онлайн форматтарда өтіп, ҚХА Хатшылығының, ҚР МАМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің өкілдері, ҒСК мүшелері, өңірлік Ғылыми-сарапшылық топтардың (ҒСТ) және ҚХА ҒСК Жас ғалымдар клубының мүшелері қатысты.
Отырыс 30 тамызда аталып өтетін Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналды. Жұмыс барысында қатысушылар этносаралық қатынастарды реттеудің құқықтық және қолданбалы аспектілерін, сондай-ақ этносаралық келісімді дамытуға бағытталған ғылыми-зерттеу жобаларының басымдықтарын талқылады.
«Конституция – этносаралық қатынастарды реттеуші агрегат рөлінде: де-юре және де-факто дефинициялар» тақырыбында Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының аға сарапшысы, ҚХА ҒСК Жас ғалымдар клубының мүшесі Рашид Қалдыбекұлы Кемелбек баяндама жасады.

Отырыс аясындағы екінші тақырып – «Этносаралық қатынастарды дамыту саласындағы қолданбалы және практикалық маңызға ие ғылыми-зерттеу жобаларының тақырыптары» – бойынша ҚХА ҒСК Жас ғалымдар клубының тең төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, социолог-аналитик, PhD Эльмира Сәкенқызы Отар сөз сөйледі.

Отырыс қатысушылары сондай-ақ ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің Жас ғалымдар клубы жүзеге асырып жатқан жобалардың іске асырылу барысымен танысып, олардың этносаралық қатынастарды дамытудағы маңыздылығын талқылады, сондай-ақ этносаралық саладағы өзекті мәселелер бойынша сараптамалық пікір алмасты.

