Еуропалық Орталық Азия зерттеулер қоғамының (ESCAS) мақсаты – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Кавказ, Ресей, Қытай, Ауғанстан және Иранның іргелес аймақтарындағы зерттеулерді қолдау.
ESCAS 2023 "Тұрақты дамып келе жатқан Орталық Азиядағы билік, адамдар және мәдени өзгерістер" өңірлік конференциясы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Алматы қаласының Қазақстан-Неміс университетінде өтті.
Зерттеу тобының панелі ағылшын және орыс тілдерінде жұмыс істеді және "Visibility and invisibility of the Central Asia in the formation of national, ethnic, and diaspora identity" деп аталды. Панельдің модераторы Айгуль Садвокасова, дискутанты Жанара Нақыпбаева болды.
Этникалық азшылық әйелдердің қоғамдағы көрінетін және көрінбейтін рөлін, олардың ұлттық және этникалық сәйкестікті қалай қалыптастыратыны талқыланды. Зерттеу тобының мүшелері далалық зерттеудің алдын ала нәтижелерімен бөлісті. Герман Ким Шымкент қаласының кәріс әйелдерін талдау нәтижелерімен бөлісті, Барлық кәріс әйелдері жоғары білім алуға ұмтылатыны, негізінен отбасында қаржылық шығындарды бөлу рөліне ие екендігі атап өтілді. Эльмира Отар тәжік әйелдерінің рөлі мен өмірі туралы айтып, моно және полиэтникалық ауылдарды салыстырмалы бақылау нәтижелерімен бөлісті. Тәжік әйелдерінің өмір салты мен теңсіздігіне діннің әсерін атап өтті. Жанар Нақыпбаева еліміздің оңтүстік өңіріндегі түрік әйелдерінің ерекшеліктерін туралы айтып берді.
Қырғызстанның ҮЕҰ-дағы әйелдерді зерттеудің қызықты нәтижелерімен панель қонағы Айжарқын Қожобекова (University of Central Asia, Қырғызстан) таныстырды.
"Visibility and invisibility of the Central Asia in the formation of national, ethnic, and diaspora identity" зерттеу тобының панелі қатысушы тыңдаушылар үшін өте қызықты өтті. Барлық спикерлер сөз сөйлегеннен кейін тыңдаушылар сұрақтар қойып, әдіснама мен бақылаулар туралы тереңірек айтып берулерін сұрады.