Кездесу жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Л.Прокопенко, ҚР ПӘ ҚХАХ меңгерушісінің орынбасары Е.Абдақасов, ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Г.Шойкин, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессорлық-оқытушылар құрамы, магистрлер, докторанттар және институт ұжымы қатысты.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің саясаттану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Б. Ғабдулина және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, п. ғ. д. Н.Калашникова магистранттарға арналған «Этносаясаттану» атты жаңа білім беру бағдарламасын таныстырды. Бұл бағдарлама қазақстандық қоғамның қазіргі заманғы болмысын, сондай-ақ қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың конституциялық қағидаттарын ғылыми-білім беру саласына әрі қарай тарату қажеттілігін ескере отырып әзірленді.
Магистранттар мен докторанттар өздерінің ғылыми зерттеулерінің тақырыптарын, өзектілігі мен жаңалықтарын ұсынды. Олардың ішінде: ЕЭК елдеріндегі этномиграциялық процестер, тарихи жад саясаты: Қазақстан және шетелдік тәжірибе, полиэтносты қоғамдардағы халықтық дипломатия феномені, этносаралық қатынастар саласындағы этносаяси менеджмент және т. б.
Күн тәртібінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранттары мен PHD докторанттарын «Этносаясаттану» мен «Саясаттану және конфликтология» білім беру бағдарламасы бойынша Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының базасында оқу және өндірістік практикадан өту жолдары талқыланды.