Мәдени әралуандылық қоғамда нәсілдік, этникалық, діни компоненттерді қоса алғанда, әртүрлі тектегі адамдардың үйлесімді өмір сүруі мен өзара әрекеттесуінен көрініс табады. Мұның барлығы халықтың бірегейлігі мен көптілігінен және өзін-өзі көрсетудің әртүрлі формаларынан көрініс табады. Ғасырлар бойы, түрлі мәдениеттердің, діндер мен дәстүрлер тасымалдаушыларының – көптеген этностардың тағдырларының қиылысуы салдарынан тарихи қазақ жерінде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделінің негізі қаланды.
Қазақстанның полиэтностығы көп жағдайда республикамызға және өлкемізге өздерінің екінші Отанын тапқан миллиондаған адамдарды көшіру, жер аударту, депортациялау жөніндегі науқанды іске асыру арқылы қалыптасты. Сталиндік кезеңде Қазақстанда РКФСР мен Кеңес Одағының басқа да елдерінен 1,5 миллион саяси тұтқын болған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Сталин режимі 1,3 миллионнан астам адамды «сенімсіз халықтардың өкілдері ретінде» жер аудартқызды[1]. Бұдан әрі тың және тыңайған жерлерді игеру Қазақ КСР халқының этникалық құрылымына да ықпал етті.
Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауы этномәдени әралуандықты, этносаралық келісім мен ел бірлігін сақтау мәселелерін өзектендірді. Сол кезеңде, сарапшылардың пікірі бойынша, Орта Азияның посткеңестік елдері, атап айтқанда Қазақстан әртүрлі этникалық құрам салдарынан ішкі және сыртқы қақтығыстарға осал болды, бұл неғұрлым қуатты көршілер тарапынан оларға деген қызығушылығын тудырады. Осылайша, З.Бжезинский Тәуелсіздігін енді жариялаған Қазақстанға Балқан мемлекеттерінің тағдырын болжаған болатын[2].
Мәдени әралуандық проблемалары ортақ негіздерді құру, әртүрлі топтағы адамдардың өзара әрекеттесуі үшін қиылысу нүктелерін табу қиындықтарын қамтиды. Сонымен қатар, жаһанданудың әсерін ескеру қажет, ол бір жағынан мәдениетаралық шекараларды, ал екінші жағынан тіл проблемаларын, ксенофобиялық көңіл-күйді және т. б. «жояды».
Этномәдени әралуандық бүгінгі таңда Қазақстанның негізгі артықшылықтарының бірі болып табылады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, елдегі барлық этникалық топтар өз мәдениетін, тілін, дәстүрлерін сақтап, жас ұрпаққа таратады.
Халықтың көп этностық және көпмәдениеттік құрамының ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік тіл саясаты этно-тілдік толеранттылықты қалыптастыруға, этникалық топтардың интеграциясын дамытуға, сондай-ақ қоғамның бірлігі мен тұтастығын нығайтуға бағытталған. Оның негізгі бағыттарының бірі – әртүрлі этникалық топ өкілдерінің ана тілдерін сақтау және дамыту. Еліміздің 108 мектебінде Қазақстанның 22 этносының тілі дербес пән ретінде оқытылады. 195 мамандандырылған лингвистикалық орталық ашылған, онда балалардың ғана емес, ересектердің де 30 этностың тілін оқуға мүмкіндігі бар. Қазақ және орыс театрларынан басқа, елде тағы төрт ұлттық театр жұмыс істейді – өзбек, ұйғыр, корей және неміс. Ақпараттық алаңда 13 этникалық газет белсенді жұмыс жасайды[3].
Үйлестірілген этносаралық ахуалдың маңыздылығы сондай-ақ Қазақстанның барлық облыс орталықтарында жұмыс істейтін көптеген мәдени орталықтар мен институттардың (ҚХА, РММ, ҚМУ) құрылуымен ерекшеленеді. Барлық мемлекеттік органдар сияқты этномәдени орталықтар мен институттар да этникалық топтардың ұлттық мәдениетін сақтауға және дамытуға, сондай-ақ бейбітшілік пен келісімді, олардың арасындағы достық пен сенімді нығайтуға, Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастар мен тұрақтылықты жетілдіруге өз үлестерін қосуда.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жүргізген түрлі зерттеулердің нәтижелері этникалық топтардың Қазақстан қоғамына интеграцияланғанын, сондай-ақ олардың арасындағы қалыптасқан өзара іс-қимылдарын көрсетеді.
Қазақстандағы этносаралық келісім моделі – бүгінде әлемдік қоғамдастықта және барлық посткеңестік елдерде мойындалып отырған көп аспектілі құбылыс. Қоғамдағы интермәдени орта мен үйлесімді қарым-қатынастарды қалыптастыруда қолданылатын тәсілдер мен әдістер этникалық топтардың бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз ететін негізгі факторлар болып табылады. Бұл кейіннен қазақстандық қоғамда төзімділік пен өзара сыйластықтың орнықты дәстүрін қалыптастырды. Осының барлығының негізінде мәдени әралуандық, ортақ тарих, патриотизм мен Қазақстан халқының бірлігі жатыр.
Осылайша, бүгінгі таңда этносаралық келісімнің тиімді заңнамалық және тұжырымдамалық негіздері құрылған. Қазақстан Республикасының этносаралық толеранттылықтың барлық кезеңдерінен өтуі ішкі тұрақтылық пен әлемде кеңінен танылу үшін маңызды болып табылатын елдегі бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етті. Мұның барлығы елдегі мәдени әралуандықты дамытуға және азаматтық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді.
[1] https://kazakhembus.com/about-kazakhstan/culture/ethnic-groups
[2] З. Бжезинский. Великая шахматная доска (Господство Америки и его геостратегические императивы), перевод О. Ю. Уральской, М.: Международные отношения, 1998
[3] https://assembly.kz/ru/ank/deyatelnost-assamblei-naroda-kazakhstana
Қобланұлы Мендыхан, әлеуметтанулық зерттеулер Департаментінің жетекші менеджері