Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты
толығырақ

Қазақстандағы репатрианттардың жағдайы туралы

Қазақстандағы репатрианттардың жағдайы туралы
Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап этникалық репатриацияның мақсатты саясатын жүргізіп келеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша 1991 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстанға 1 017 602 адам келді, оның ішінде 2009 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде - 283 084 адам.

Репатриацияның бастапқы кезеңі 1991 жылдан 2000 жылға дейін жүзеге асырылды. Дәл осы кезеңде халық көші-қонының нормативтік базасы қалыптаса бастады және этникалық қазақтарды тарихи отанына көшіру процесі бастау алды. Айта кету керек, алғашқы мигранттар мемлекеттік қолдаусыз да, квота бойынша да келген. Екінші кезеңде (2001-2011 жж.) елдегі экономикалық жағдайдың жақсаруымен квоталар саны жылына 15000 отбасына дейін ұлғайтылды, алғашқы «Нұрлы көш» мемлекеттік репатриациялау бағдарламасы іске қосылды. Осы кезеңде Қазақстанға соңғы 30 жылда келген репатрианттардың жартысына жуығы көшіп келді. 2012 жылдан басталған және қазіргі уақытқа дейін жалғасып келе жатқан үшінші кезеңде репатриациялау мемлекеттік бағдарламасының аяқталуына және қазақ диаспорасы тұратын елдердегі көші-қон әлеуетінің азаюына байланысты қазақтардың көшіп келу қарқындылығы қысқарды.

Зерттеулер көрсеткендей, репатрианттар арасында Қазақстанға көшуге қанағаттанудың жоғары деңгейі байқалады. Павлодар, Жамбыл және Түркістан облыстарынан, сондай-ақ Шымкент қаласынан келген репатрианттардың арасында көшуіне қанағаттанудың ең жоғары дәрежесі айқындалады. Респонденттердің көпшілігі репатриацияға дейінгі жағдаймен салыстырғанда Қазақстанда материалдық әл-ауқаттың айтарлықтай жақсарғанын атап өтті.

Көшудің негізгі себептері - тарихи Отанына оралу, отбасымен, туыстарымен қайта қосылу және өмір сүру деңгейі жоғары елге көшу ниеті.  Көшіп-қонушылардың көпшілігі негізінен шығу елдерімен шекаралас өңірлерде орналасады. Мысалы, Түркістан облысында Өзбекстаннан, Алматы облысында Қытай Халық Республикасы мен Қырғызстаннан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында Ресейден, ал Маңғыстау облысында Түркіменстаннан.

Репатрианттар арасында жақсы бейімделу және материалдық жағдайының жақсаруы, бала туу үшін қолайлы жағдайлар олардың туу деңгейінің жоғарылауына әкелді. Социологиялық сауалнама қорытындысы бойынша репатрианттардың бала тууды жүзеге асыруы Қазақстанға көшкеннен кейін жүргізілгені анықталды. Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолиядан келген репатрианттар арасында көп балалы отбасылар жиі кездеседі. Сондай-ақ, зерттеу көрсеткендей, олардың Қазақстанда болу мерзімі неғұрлым ұзақ болса, көп балалы болу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады екен. Көп балалы болу 45-60 жас тобына тән.

Бейімделу мен интеграцияның қолайлы жағдайларының арқасында уақыт өте келе жергілікті халықпен әлеуметтік қашықтық азаяды. Респонденттердің 80% - дан астамы жергілікті халықпен қарым-қатынасты оң бағалайды. Егер бұрын негізінен тек репатрианттар арасында неке қиылған болса, қазір жергілікті қазақтармен некелер де таралған. Репатрианттар көбінесе жергілікті тұрғындармен Ақтөбе облысында, Шымкент қаласында, сондай-ақ Қостанай, Жамбыл, Атырау және Ақмола облыстарында некеге тұрады. Ал, Қазақстанда тұратын басқа этнос өкілдерімен Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында неке қию жиі кездеседі.

Қандастарды жергілікті халыққа бейімдеу процесі де келушілердің ниетіне байланысты екенін айта кеткен жөн. Келгендердің кейбіреулері өздерінің бәсекеге қабілеттілігі мен ұтқырлығын арттырғысы келіп, шығу еліне қайта барғысы келмейді, бірақ өзін халықаралық нарықта жүзеге асырғысы келеді – шетелдік университетте әрі қарай оқуға немесе ірі шетелдік компанияда жұмыс табуға тырысады.

Сонымен қатар, репатрианттар шығу елінде туыстарымен және басқа да жақын қарым-қатынас шеңберімен күшті байланыста болады. Осылайша, басым бөлігі (82%) Қазақстанға көшкеннен кейін қарым-қатынасты қолдауды жалғастыруда. Негізгі бөлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы, сондай-ақ ұялы телефон арқылы байланысады, салыстырмалы түрде аз бөлігі шығу еліне барады.

Нәтижелер репатрианттар қатарындағы жастар үшін отбасы (70,5%) және дін (47,4%) сияқты дәстүрлі құндылықтар неғұрлым маңызды болып табылатынын көрсетеді. Отбасы мен діннен кейінгі ең маңыздылары ата-аналар мен үлкендердің құрметін (38,6%), Қазақстанның тәуелсіздігін (36,8%), өз туысының/жүзінің алдындағы жауапкершілігін (32,9%), отбасы алдындағы міндеттерін/борышын (31,2%), дәстүрлерін (31%), жақын достарымен, туыстарымен, әріптестерімен қарым-қатынасын (30%) таңдады. Өзін-өзі көрсету құндылықтары маңыздылығы жағынан екінші орында. Оларға мінсіз бедел (36,9%), еңбекқорлық (36,3%), жақсы білім (36,2%), байлық пен ақша (34,4%), таңдау еркіндігі (31,8%), теңдік (30,7%) жатады.

Осылайша, жүргізіліп жатқан көші-қон саясаты этникалық эмиграция бөлігінде өзінің тиімділігін толық көрсетеді және қойылған міндеттер толық көлемде орындалуда. Қазақстандағы этникалық репатрианттардың бейімделуі мен кірігуі қолайлы жолмен өтуде.

Сағымбаева Аяулым, Этнодемографиялық дамуды талдау Департаментінің бас менеджері  

Жаңалықтар