Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты
толығырақ

Конституциялық өзгерістерге ғылыми көзқарас: Астанада сарапшылар қауымдастығының отырысы өтті

Конституциялық өзгерістерге ғылыми көзқарас: Астанада сарапшылар қауымдастығының отырысы өтті
2026 жылғы 24 ақпанда Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын ғылыми тұрғыда сүйемелдеу мәселелеріне арналған жұмыс отырысы өтті.

Отырыс офлайн және онлайн форматта, сарапшылардың қатысуымен ұйымдастырылды.

Отырыс барысында ғылымды, білім беруді және инновацияларды мемлекетті дамытудың стратегиялық басымдықтары ретінде конституциялық деңгейде бекіту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жаңа Конституция жобасында бұл салалардың базалық құндылықтар ретінде айқындалғаны атап өтіліп, оның ғылыми қызметтің орнықты дамуына арналған түбегейлі жаңа институционалдық және құқықтық негіз қалыптастыратыны көрсетілді.

 

Алғы сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Садвокасова жаңа Конституция жобасын жан-жақты талқылау мен оны сараптамалық тұрғыда сүйемелдеудің маңыздылығын атап өтті.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты Дінмұхаммед Ғали социологиялық деректерге сүйене отырып,  «Қазақстан қоғамында орнықты азаматтық бірегейлік қалыптасты. Сондықтан жаңа Конституция жобасы қалыптасқан қоғамдық өзгерістерді құқықтық тұрғыдан бекітіп, «Біз – біртұтас Қазақстан халқымыз» қағидатын ұран деңгейінен мемлекеттік дамудың құқықтық шындығы мен стратегиялық бағдарына айналдырады» деп атап өтті.

Өз сөзінде Еуразиялық интеграция институтының ғылыми-теориялық талдау және әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Ешмуратов «жаңа Конституция жобасы аясында Қазақстанның Халық Кеңесі атты жаңа органның құрылуы қоғамдық топтасу мен азаматтық бірлікті нығайтудың маңызды институционалдық тетігіне айналуы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар реформаларды кәсіби тұрғыда сүйемелдеу, қабылданатын шешімдерді жүйелі талдау және полиэтносты қоғамның орнықты дамуына бағытталған негізделген ұсынымдар әзірлеу ісінде ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың шешуші рөл атқаратынын» мәлімдеді.

Спикер, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Этномедиация орталығының директоры, мәдениеттанушы, PhD Фарида Мусатаева «мәдени дипломатия этносаралық келісімді нығайтудың жүйелі құралы ретінде қарастырылуы тиіс: қоғамдық диалогты кеңейту және этномәдени әралуандықты қолдау арқылы бірлік, теңдік және ынтымақтастықтың конституциялық қағидаттары нақты қоғамдық практикаға айналатынына» тоқталып өтті.

Отырыс жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, сондай-ақ өңірлік ғылыми-сарапшылық топтардың өкілдері қатысты.

 

Отырыс қорытындысы бойынша конституциялық реформаларды ғылыми-сараптамалық сүйемелдеуді одан әрі күшейту, кәсіби диалогты дамыту және қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастар мәселелері бойынша салмақты сараптамалық ұстанымдарды қалыптастыру қажеттілігі атап өтілді.

 

 

Редактор ИПЭИ

Жаңалықтар