Шараның ашылуында Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директор орынбасары, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Садвоқасова алғы сөз сөйледі.
Іс-шараның модераторы – ҚХА ҒСК Жас ғалымдар клубының тең төрағасы, PhD доктор Э.С. Отар.
Спикерлер ретінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы, PhD доктор Ж.А. Накипбаева, PhD докторанты, «Астана» халықаралық университетінің аға оқытушысы А.Д. Хамит, әлеуметтік ғылымдар магистрі Д.Б. Өтеғали, әлеуметтану магистрі А.Б. Мұсабаева, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 4-курс студенті Р.К. Кемелбек сөз сөйледі.
Жобаның мақсаты – әлемдік авторлардың ғылыми еңбектерін қазақ тіліндегі қысқаша саммари форматында талқылау.
Талқылауға британдық ғалым Энтони Смиттің «Ұлттың этностық тамыры» атты еңбегінің қазақ тіліндегі қысқаша мазмұны ұсынылды. Іс-шара барысында ұлт тарихи қалыптасуы, этникалық бірегейлік, ұлттық рәміздер мен тарихи жад тақырыптары қызу талқыланды.
Аталған еңбек алғаш рет «100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылып, саммариді дайындауға және одан әрі талқылауға жақсы негіз болды.
Қатысушылар Смиттің этносаралық қатынастарға, ұлт бірегейліктің қалыптасуына және қазақстандық қоғамдағы интеграциялық үдерістерге қатысты негізгі теорияларын қарастырып, пікір алмасты. Еңбектің ғылыми ғана емес, қолданбалы маңызы да зор екені, әрі болашақ зерттеулерге негіз бола алатыны атап өтілді.
Іс-шара гибридті форматта – офлайн және онлайн – өтті, бұл еліміздің түрлі өңірлерінен қатысуға ниет білдірген ғалымдар мен студенттерге мүмкіндік берді. ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері мен қоғамдық ғылымдар саласындағы зерттеушілер де белсенді қатысты.
Жобаға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтану кафедрасы қолдау көрсетті. Студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам бастаманы оң бағалады.
Энтони Смиттің еңбегі – ұлт тарихи негіздерін тереңірек түсінуге жол ашатын құнды ғылыми еңбек. Мұндай іс-шаралар этникалық және ұлт қалыптастыру мәселелері жөніндегі қазақстандық ғылыми дискурстың кеңеюіне сөзсіз ықпал етеді.