Institute of Applied Ethnopolitical Research
more

Мультимәдениет саясатының бүгіні мен ертеңі – Корея мен Қазақстан үлгісінің негізінде

Мультимәдениет саясатының бүгіні мен ертеңі  – Корея мен Қазақстан үлгісінің негізінде
Чу Ионг-мин (Chu Young-min) Ханкук шет тілдер университеті жанындағы Орталық Азия Институтінің зерттеушісі, PhD Корея Республикасы, Сеул Чу Ионг-мин (Chu Young-min) Ханкук шет тілдер университеті жанындағы Орталық Азия Институтінің зерттеушісі, PhD Корея Республикасы, Сеул

Иммигранттар туралы қызу талқы жүрген тұста дамыған елдер «ассимиляция саясаты» арқылы қоғамды біріктіру сәтсіздікке ұшырағандықтан «мультимәдениет» ұғымын алға тартып, иммигранттарды қоғаммен біріктіру саясатын қолға ала бастады. Ал мультимәдениет тұрғысында жеткілікті тәжірибесі болмаған Корея дамыған елдердегі «мультимәдениет» саясатын дұрыс деп танып, қабылдап алды.

Алайда 2000 жылдардың соңында Еуропадағы дамыған елдер өздерінің мультимәдениет саясаты сәтсіздікке ұшырады деген мәлімдеме жасай бастады. 2010 жылы Германия канцлері Ангела Меркель: «Германияның мультимәдениетті қоғам құру талпынысы толықтай сәтсіздікке ұшырады», - деп мәлімдесе, 2011 жылы Ұлыбритания премьер министрі Дэвид Кэмерон: «Британдық мультимәдениет дами алмады», - деді. Сол жылы Франция Президенті Николя Саркози де: «Франциядағы мультимәдениет саясаты сәтсіз аяқталды. Біз тек мигранттарға ғана көңіл бөліп, өзіміздің бірегейлігіміз (identity) туралы жеткілікті деңгейде ойланбадық»,- деген болатын. Еуропадағы дамыған елдердің мультимәдениет саясаты сәтсіздікке ұшырады мәлімдеуінің себебі – олар таңдаған мультимәдениет саясатының салдарынан қоғам мүшелерінің арасындағы қақтығыстың тіпті де күшеюі болды.

Көптеген елдер бір кездері «сәнге» айналған «мультимәдениет» саясатының кері әсерін мойындап отырған осынау тұста Корея мен Қазақстанның мультимәдениет саясаты қай жерге дейін дамыды? Алдағы уақытта қандай бағытты ұстанғаны жөн? Бұл зерттеуім осы сауалдан басталды.

Алдымен, теориялық тұрғыдан жүргізген зерттеуім туралы айта кетсем. Көптеген елдердің мультимәдениет саясаты негізінен үш түрлі модельге негізделген. Біріншісі, Ассимиляция моделі (Assimilationist model), екіншісі, Кесітушілікке жол бермеу моделі (Differential exclusionary model), үшіншісі, Мультимәдениет моделі (Multicultural model). 

Бірінші, Ассимиляция моделі азшылық мәдениет пен көпшілік мәдениет ассимиляцияға ұшырап, қоғамның бірігуі жүзеге асатын әдіс болып табылады. Бұл модельге сүйенетін негізгі теориялардың бірі – 1960 жылдарға дейін АҚШ қоғамында қолданыста болған «Балқыту пеші» теориясы (Melting Pot Theory).

Екінші, Кесітушілікке жол бермеу моделі – белгілі бір азшылық топқа ғана ресми түрде қоныстану құқығын беріп, одан өзге азшылық топтарға уақытша тұру құқығын беретін әдіс болып табылады. Көбінесе мемлекет қабылдағысы келмейтін иммигранттың тұрақты қоныстануын болдырмау үшін қолданылады.

Үшінші Мультимәдениет моделі азшылық топтың бірегейлігін құрметтей отырып, қатар өмір сүруге (symbiosis) баса ден қоятын модель болып табылады. Мультимәдениет моделі  өз ішінде мультимәдениет және мәдени плюрализм болып бөлінеді. Мультимәдениет қоғамды көпшілік және азшылық деп бөлмей, барлық ұлттарға тең құқық береді. Ал мәдени плюрализм көпшілік қоғам мен мәдениетті мойындай отырып, барлық ұлттың тең құқықты болуын қамтамасыз етеді. Бұл модельдің негізгі теориясы – «Салат тостағаны» (Salad Bowl) теориясы.

Көптеген елдер тек бір модельді ұстанып қоймай, аталған үш түрлі модельдің біреуін негізгі модель етіп алып, қалған екеуін ішінара қолданады немесе екі модельді қатар қолданатын кездері де болады. Ендеше, Корея мен Қазақстанның қандай модельді, қалай қолданғаны абзал?

 

Корея мультимәдениет саясатының бүгіні

1990 жылдардың соңынан бастап әр алуан ұлттан құралған иммигранттар Корея қоғамына ене бастады. 1998 жылы 300 мыңды құраған Кореядағы шетелдіктердің саны 2007 жылы миллионға дейін күрт өсті. Кейінгі кезде пандемия салдарынан шетелдіктердің келуі саябырлап қалғанымен, 2023 жылы пандемияның аяқталғаны жарияланған соң елге келген шетелдіктер саны қайтадан өсіп келеді.  

Мультимәдениет тұрғысында жеткілікті тәжірибесі болмаған Корея алғашында мигранттарды Ассимиляция моделі мен Кесітушілікке жол бермеу моделіне сүйене отырып қабылдады. Мысалы, корей тілі мен корей мәдениетін білмесе шеттетіп, белгілі бір өндіріс саласында қызмет етсе ғана қоныстануға жол берді. 1990 жылдардың ортасынан бастап ұлтаралық неке мигранттарының саны өсуіне орай, еуропалық дамыған елдердің «мультимәдениет» моделін қабылдауды бастады. Сондай-ақ 2007 жылы Шетелдіктерге деген қарым-қатынастың негізгі заңы (Act on the Treatment of Foreigners in Korea), 2008 жылы Мультимәдениетті отбасына қолдау көрсету туралы заң (Multicultural Families Support Act) қатарлы заңдарды бекітіп, Кореядағы иммигранттар мен олардың отбасының құқығы қорғалып, қоғамға сіңісе алатындай орта жасауға тырысты.

Кореяның мультимәдениетті қоғамы қысқа мерзімге қоныстануға келген шетелдік жұмысшылардың ағынынан басталғанымен, біртіндеп неке мигранты болып табылатын әйелдер көбейіп, ұзақ мерзім бойы қоныстанатын шетелдіктердің саны артты. Осыған орай, Кореяның мультимәдениет саясатының объектісі неке мигранттары, шетелдік жұмысшылар болып бөлінуде. Саясаттың түрі де миграция саясаты, шетелдіктер саясаты, мультимәдениет саясаты деп жіктелді. Саясатты жүргізетін жауапты министрліктер де сан тарапқа бөлінген. Атап айтар болсақ, мультимәдениетті отбасына Гендерлік теңдік және отбасы істері министрлігі, шетелдік иммигрантқа Әділет министрлігі, шетелдік жұмысшыға Еңбекпен қамту министрлігі, мульимәдениетті отбасынан шыққан оқушыға Білім министрлігі, шетелдік қоныстанушыға Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі жауапты. Осылайша Корея саяси тұрғыдан мигранттардың тұрақтап қалуына қажетті ортаны қалыптастыру үшін олар туралы саясаттың ауқымын кеңейтіп, әртараптандырып келеді. Нәтижесінде Кореяның мульмәдениет саясаты мигрантты «кореялық» ету үшін жасалған саясаттан біртіндеп мигранттың өмір сүру ортасын түсіне отырып, олармен «қатар өмір сүруге» бағытталған әдісті қарастыруға қарай ойысып, аталмыш саясат өзгеріп келеді. Бұл Кореяның мультимәдениет саясатының Ассимиляция моделінен Мультимәдениет моделіне қарай ауысқанын көрсетеді.

 

Қазақстан мультимәдениет саясатының бүгіні

Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздік алған кезден бастап мультимәдениетті қоғамнан құралған ел болды. Сондықтан әр алуан ұлт өкілдері Қазақстан деп аталатын жаңа мемлекеттің құрамына бірккен халық ретінде қатар өмір сүру тәсілдерін үздіксіз қарастырып келді. Осынау мақсатқа жету үшін 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы атты ұйымды құрып, мультимәдениетті негізге алған «қазақстандықты» қалыптастыру саясатын жүргізді. «Қазақстандық» ұғымы халықтық бірегейілікті қалыптастыруға арналған. Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі қазақ тілі мен қазақ ұлты, яғни көпшілік (негізгі) ұлтты тағайындап, оның ерекшеліктеріне баса назар аударатын саясатты да қатар жүргізіп келеді. Яғни, Қазақстанның мультимәденитет саясатының ерекшелігі – Мультимәдениет моделін негізге алып, Ассимиляция моделін ішінара аралас қолдануында.

 

Тұрақты қоғамдық бірігуге арналған ұсыныс

Корея мен Қазақстанның көпұлттық немесе мультимәдениет саясатына үңіле отырып, екі елдің саясаты да Мультимәденитет моделіне негізделгенімен, Корея Ассимиляция моделінен Мультимәдениет моделіне қарай ойысса, Қазақстан Мультимәдениет моделіне қоса көпшілік (негізгі) ұлтты қалыптастыруға арналған Ассимиляция моделін ішінара аралас қолданып отыр деген қортындыға келдік.

Алайда Еуропа елдерінің үлгісінен байқағанымыздай, мигранттарды бейберекет қабылдай беру мен мультимәдениетке деген соқыр сенім экономикалық пайданы былай қойғанда әлеуметтік қақтығыстарды шешуге бағытталған қоғамдық шығындарға әкеліп соғуы мүмкін.

Корея қоғамы жеткілікті түрде саралап болмай жатып мультимәдениетті қоғамды қабылдауының нәтижесінде бүгінгі таңда халықтың пікірі екі жаққа бөлініп отыр. Мультимәдениетті қабылдай білген топтар да бар, алайда кейбіреуі мигранттардың келуі мен оларға бағытталған саясатқа қарысылғын білдіруде. Мұндай құбылыс халықпен ортақ мүдденің қалыптаспауынан туындаған.

Ал Қазақстан болса, өзіне тән мультимәдениетті қоғамды қалыптастыру барысы мен ұзақ уақыт бойы алған тәжірибесіне сүйене отырып, Мультимәдениет моделін ғана негізге алып қоймай, Ассимиляция моделін де орнымен қолданып, біртіндеп «қазақстандық» ұғымын қалыптастыруда. Қазақстанның негізгі ұлты мен аз ұлт өкілдері бір-бірін Қазақстан қоғамының мүшелері ретінде мойындап, тепе-теңдік пен үйлесім тауып отыр.

Мультимәденет саясаты бір мемлекеттің бірегейлігін өзгертуі мүмкін болғандықтан, халықтың ортақ мүддесіне негізделе отырып жүргізілуі тиіс сезімтал мәселе болып табылады. Сондықтан Корея мультимәдениет моделін атүсті қабылдаудан гөрі біздің қоғамның ерекшелігі мен халықтың ойын нақты пайымдап, соған сәйкес келетін саясатты даярлауы қажет.

Ол үшін мультимәдениетті қоғам туралы көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Екі ел өзара саяси тәжірибелеріне көз жүгіртіп, біздің қоғамға керек тұсы не екені туралы саяси шешімді табуға талпынуы қажет. Осыған орай, алдағы уақытта Корея мен Қазақстан арасында мультимәдениетті қоғам мен қоғамдық бірігу тақырыбында пікір алмасу алаңы қалыптасуын тілеймін. Сондай-ақ, осы арқылы екі ел де тұрақты қоғамдық бірігуді жүзеге асырады деп сенемін.

Редактор ИПЭИ

News