Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының өкілдері, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, еліміздің алдыңғы қатарлы ғалымдары мен зерттеушілері, жас ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қатысушыларға алғы сөзін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР ПӘ ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов арнады. Ол Ассамблеяның зияткерлік қозғалтқышы ретінде сарапшылар қауымдастығының маңыздылығын атап өтіп, бүгінгі күні орнықты даму мен қоғамдық келісім бағытын қолдауға қабілетті ғылыми негізделген, икемді әрі өзекті шешімдердің аса қажет екеніне назар аударды.
Іс-шараның модераторы – ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Садвоқасова. Кіріспе сөзінде ол Кеңестің сараптамалық әлеуетін күшейту, сондай-ақ этносаясат саласында ғылыми сабақтастықты қалыптастыру қажеттігіне назар аударды.
Отырыста мазмұнды әрі өзекті баяндамалар ұсынылды. ҚХА-2030 тұжырымдамасын әзірлеудің жаңа тәсілдері жөнінде ҚХА ҒСК мүшесі, «Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры, саяси ғылымдар кандидаты Мадина Нұрғалиева мен Айгүл Садвоқасова баяндама жасады. Олар ҚХА-ның стратегиялық жоспарлау үдерісіне қазіргі заманғы сын-қатерлер мен үрдістерді кіріктіру қажеттігін атап өтті.
ҚХА ҒСК Жас ғалымдар клубының жобаларын іске асыру бойынша практикалық шаралар туралы клубтың теңтөрайымы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, PhD, әлеуметтанушы-талдаушы Эльмира Отар баяндады. Ол жастарды ҚХА-ның сараптамалық әрі зерттеу қызметіне тартудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Отырыстың жарқын сәттерінің бірі – «Қазақстанның ұлттық бірлігі: тарихы, қазіргі жағдайы және жаңа үрдістері» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері болды. Басылымды саяси ғылымдарының докторы, профессор, Еуразиялық халықаралық зерттеулер қауымдастығының төрағасы Светлана Кожирова таныстырды. Бұл еңбек – қазақстандық этносаралық қатынастар үлгісі жағдайында азаматтық бірлікті қалыптастыру үдерістерін сараптаған ғалымдар мен сарапшылардың бірлескен жұмысының нәтижесі.
Сарапшылық өзара іс-қимылды дамытудың маңызды қадамы ретінде ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі мен еліміздің жетекші зерттеу институттары арасында ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстандық қоғамдық даму институты атынан оның басшысы Нұрбек Матжани мен «Amanat» партиясының Қоғамдық саясат институты атынан Мадина Нұрғалиева меморандумға қол қойды. Бұл келісімдер Ассамблея міндеттерін іске асыру үдерісіне ғылыми-сараптамалық ресурстарды жүйелі түрде тартуға берік негіз қалайды.
Отырыстың қорытындысында ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің құрамын жаңарту және ротациялау мәселелері қаралып, ҚХА қызметін жаңа кезеңде ғылыми-сараптамалық қолдауды күшейтуге бағытталған нақты ұсынымдар әзірленді.
Отырыстың нәтижелері азаматтық бейбітшілік, бірлік пен этносаралық келісім құндылықтары төңірегіндегі ғылыми қауымдастықтың жоғары деңгейдегі бірігуін көрсетті. Дәл осы негіздер – Қазақстан болашағының берік тірегі.