Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты
толығырақ

Халықаралық медиация тәжірибесі және оның Қазақстан үшін маңызы

Халықаралық медиация тәжірибесі және оның Қазақстан үшін маңызы

Рустем Бектрумов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының этномедиаторы

Бүгінде қақтығыстар тек мемлекеттер арасында ғана емес, қоғамдардың ішінде де – әлеуметтік, экономикалық немесе этностық қайшылықтар негізінде туындауда. Бұл ретте сот процестері немесе қатаң келіссөздер сияқты дәстүрлі тәсілдер әрдайым тиімді бола бермейді. Көп жағдайда олар «жеңімпаз – жеңілген» қағидатына әкеліп, қақтығыстың қайта өршуіне себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты медиацияның маңызы артып, бейтарап делдалдың көмегімен қақтығыстарды реттеу тәсіліне айналады. Медиацияның негізгі мақсаты – дауды жай ғана «жабу» емес, тараптардың бір-бірін түсінуіне жағдай жасап, бар жақтарды қанағаттандыратын ортақ шешімге келуіне ықпал ету.

Әртүрлі елдердің тәжірибесі медиацияның мәдени және саяси ерекшеліктерге байланысты әртүрлі жүзеге асатынын көрсетеді. Мысалы, АҚШ-та медиация қоғамдық қақтығыстарды шешуде кеңінен қолданылады. Қоғамдық-саяси шиеленістерге жауап берудің айқын мысалдарының бірі – 2016 жылы Солтүстік Каролина штатының Шарлотт қаласында болған оқиғалар. Ауқымды наразылықтардың басталуына афроамерикалық Кит Ламонт Скоттың полиция қызметкерлерінің әрекеттері салдарынан қаза табуы түрткі болды. Бұл оқиға кең қоғамдық резонанс тудырып, құқық қорғау органдарымен қақтығыстарға ұласқан наразылық белсенділігінің күшеюіне әкелді. Осы оқиғалардан кейін билік полиция мен тұрғындар арасында диалог алаңдарын ұйымдастыра бастады. Нәтижесінде қоғамдық шиеленіс төмендеп, өзара сенімді қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Бұл жерде басты назар тараптардың мүдделерін түсінуге және өзара тиімді шешім табуға бағытталған.

Норвегияда медиация халықаралық деңгейде кеңінен қолданылады. Ең белгілі мысалдардың бірі – Норвегияның Колумбия үкіметі мен FARC көтерілісшілер қозғалысы арасындағы келіссөздерге делдал болуы. Бұл келіссөздер 2016 жылы бейбіт келісімге қол қоюмен аяқталды. Кейінгі кезеңде Норвегия бейтарап делдал ретінде тараптарға тыныш әрі құпия келіссөз жүргізу алаңын ұсынып отырды.

Қытайда медиацияға көзқарас өзгеше. Мұнда ең бастысы – қоғамдық үйлесімділікті сақтау. Мысалы, «халықтық медиация» жүйесі дауларды сотқа жеткізбей, жергілікті қауымдастық деңгейінде шешуге мүмкіндік береді. Ал халықаралық деңгейде Қытай Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерде делдал ретінде қатысып, тараптарды диалог аясында ұстауға ұмтылды.

Оңтүстік Корея дәстүр мен заманауи тәсілдерді ұштастырады. Бір жағынан, келісімге келу мен өзара құрмет мәдениеті сақталған, екінші жағынан – медиацияның құқықтық тетіктері белсенді түрде дамытылып, халықаралық келісімдерге қатысу кеңейтілуде. Соның бір айғағы – елдің 2019 жылы Сингапур конвенциясына қосылуы. Бұл Сеулдің заңнамалық базаны нығайтуға және жаһандық қақтығыстарды реттеу үдерісінде маңызды рөл атқаруға ұмтылысын көрсетеді.

Ресейде медиация көбіне мемлекеттің белсенді қатысуымен жүзеге асырылады. Мысалы, зейнетақы реформасын талқылау барысында билік қоғаммен және сарапшылармен кең ауқымды пікірталастар ұйымдастырып, бастапқы шешімдерді қайта қарауға және қоғамдық наразылық деңгейін төмендетуге мүмкіндік алды. Бұл жағдайда мемлекет тек делдал ғана емес, сонымен қатар келісімдердің орындалуына кепілдік беруші рөлін атқарады.

Қазақстанға келетін болсақ, медиация біздің ел үшін ерекше маңызға ие. Қазақстан – полиэтностық қоғам, және тұрақтылық көбіне келісімге келу қабілетіне, сондай-ақ қақтығыстардың алдын алу деңгейіне байланысты. Қазіргі таңда заңнамалық негіз қалыптасқан, белгілі бір практикалық тәжірибе бар – мысалы, жер реформасын талқылау немесе этносаралық жағдайларды реттеу барысында болған медиация.

Негізгі қорытынды – барлық елдерге бірдей сәйкес келетін әмбебап медиация моделі жоқ. Әр мемлекет өз ерекшеліктерін ескере отырып, өз жүйесін қалыптастырады. Қазақстан үшін ең тиімді бағыт – аралас тәсіл: батыстық тәжірибеден нақты рәсімдер мен мүдделерге бағдарлануды алу, шығыс елдеріне тән келісім мәдениетімен толықтыру және мемлекеттің диалог ұйымдастырушы ретіндегі рөлін сақтау. Мұндай тәсіл тек қақтығыстарды шешуге ғана емес, сонымен қатар қоғамда диалог мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде елдің тұрақты дамуының негізі болып табылады.

 

Редактор ИПЭИ

Жаңалықтар