Отырыс барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі аспектілерін талқылады. Адам капиталын дамыту, ғылыми әлеуетті институционалдандыру, интеллектуалдық егемендікті нығайту, сондай-ақ қазақстандық қоғамның құндылықтық өзегін конституциялық өзгерістерде бейнелеу мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Өз сөзінде Жас ғалымдар клубының теңтөрағасы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, әлеуметтанушы, PhD Эльмира Отар: «Жаңа Конституция адам капиталын мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде қарастырады. Бұл тұрғыда білім беру, ғылым және қоғамдық даму қосалқы салалар емес, елдің бәсекеге қабілеттілігі мен ұлттық топтасуын айқындайтын негізгі факторларға айналуда», – деп атап өтті.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Гүлдана Оқасова өз баяндамасында интеллектуалдық егемендікті қалыптастыру ғылымды, сарапшылық қауымдастықты және инновациялық ортаны жүйелі түрде қолдауды көздейтінін атап өтті. Оның пікірінше, білім мемлекеттік шешімдер қабылдаудың негізіне және жаһандық бәсекелестік жағдайындағы тұрақтылықтың кепіліне айналуы тиіс.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым жаңа Конституцияны қазақстандық қоғамның құндылықтық өзегінің көрінісі ретінде сипаттап, онда бірлік, әділеттілік және азаматтық жауапкершілік қағидаттары ұлттық даму мен ұлттық бірегейліктің негізі ретінде бекітілетінін атап өтті.

Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ҚХА кафедрасының докторанты, ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының кадрлық жұмыс және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің бас консультанты Әсел Ишанованың пікірінше: «Қоғамдық сұраныстан жаңа Конституция жобасына дейінгі жол – бұл қоғамның күтілімдерінен заңды тұрғыдан дәл әрі негізделген шешімдерге өту үдерісі. Бұл ретте кәсіби құқықтық сараптама мен сапалы заң техникасы нормалардың нақтылығын, жүйелілігін және ұзақ мерзімді орнықтылығын қамтамасыз етеді».
Отырыс барысында білім беру, ғылым және құқықтық сараптаманың мемлекеттің жаңартылған конституциялық моделін қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Қатысушылар аталған салалардың елдің орнықты дамуына және конституциялық өзгерістердің сапасына ықпалы жөнінде пікір алмасты.
Іс-шара жас ғалымдар мен сарапшыларды бір алаңға тоғыстырып, кәсіби диалогқа, аналитикалық бағалар алмасуға және реформаларды одан әрі ғылыми-сараптамалық сүйемелдеуге арналған тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік берді.