Institute of Applied Ethnopolitical Research
more

Көкшетауда этномедиация негіздері бойынша бес күндік семинар-тренинг аяқталды

Көкшетауда этномедиация негіздері бойынша бес күндік семинар-тренинг аяқталды
2026 жылғы 27–31 шілде аралығында Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің тапсырысы бойынша Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының Этномедиация орталығы этномедиацияның базалық негіздерін оқытуға арналған бес күндік семинар-тренинг өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты қоғамдық келісімді қамтамасыз ету саласында қызмет ететін мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыру, сондай-ақ этносаралық шиеленістің алғышарттарын уақтылы анықтап, ықтимал жанжалдарға жедел әрекет ете алатын және қажет болған жағдайда олардың алдын алу мен оқшауластыру жұмыстарына қатысатын далалық этномедиаторлар пулын қалыптастыру болды.

Семинарға Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы «Қоғамдық келісім» КММ, этномәдени бірлестіктер, жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау құрылымдары және өзге де мүдделі ұйымдардың 30-дан астам өкілі қатысты.

Бес күн бойы қатысушылар этномедиацияның теориялық және практикалық негіздерін, жанжалдардың алдын алудың заманауи тәсілдерін, жанжалдық тәуекелдерді диагностикалау әдістерін, келіссөздер жүргізудің ерекшеліктерін, тиімді коммуникация тәсілдерін және жанжал жағдайларына қатысушылардың әртүрлі санаттарымен өзара іс-қимыл алгоритмдерін меңгерді. Практикалық дағдыларды дамытуға ерекше назар аударылып, тренингтер, топтық жұмыстар, кейстік талдаулар және нақты тәжірибеге негізделген жағдаяттарды модельдеу ұйымдастырылды.

Оқыту барысында Этномедиация орталығының сарапшылары тәуекел факторларын ерте анықтаудың заманауи тәсілдерін таныстырып, дауларды бейбіт жолмен реттеу тетіктерін қарастырды, сондай-ақ этносаралық қатынастар саласында медиативтік технологияларды қолданудың практикалық тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылап, кәсіби тәжірибе алмасты.

Осындай оқыту іс-шараларын өткізу мамандардың кәсіби әлеуетін нығайтуға, далалық этномедиаторлар желісін дамытуға және этносаралық шиеленістердің алдын алу тетіктерін жетілдіруге ықпал етеді. Семинар барысында алынған білім мен практикалық дағдылар қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық тұрақтылықты сақтау және Қазақстанда сындарлы диалог мәдениетін дамыту бағытындағы одан арғы жұмыста қолданылатын болады.

Редактор ИПЭИ

News