Institute of Applied Ethnopolitical Research
more

2026 жылғы 21 қазанда Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан Республикасы күніне орай және «Бірлік пен келісім» тұжырымдама

2026 жылғы 21 қазанда Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан Республикасы күніне орай және «Бірлік пен келісім» тұжырымдама

2026 жылғы 21 қазанда Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы күніне және «Бірлік пен келісім» тұжырымдамасын талқылауға арналған Ғылыми-сарапшылық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шара офлайн форматта ғылыми қоғамдастық, сарапшылар ортасы, мемлекеттік және қоғамдық институттар өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Анар Бектасқызы Бекбаева құттықтау сөзін арнады. Ол әзірленіп жатқан тұжырымдама этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарларын айқындап қана қоймай, оларды іс жүзінде жүзеге асырудың нақты тетіктерін де қарастыруы тиіс екенін атап өтті. Басым бағыттар қатарында жалпыұлттық бірлікті нығайту, мәдени әралуандықты қолдау, ел тарихы мен заңдарын құрметтеу, мемлекеттік тілді дамыту, сондай-ақ этносаралық қатынастардың жай-күйіне жүйелі мониторинг жүргізу және жергілікті жерлерде диалогты дамыту мәселелері аталды.

«Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Руфина Қасымқызы Усанова тұжырымдаманы әзірлеудің негізін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары, Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі, сондай-ақ қоғамдық үдерістер мен ғылыми зерттеулерді кешенді талдау және сараптамалық-консультативтік сүйемелдеу құрайтынын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның этносаралық келісім тәжірибесі мен моделін басқа елдерде бейімдеп қолдану мүмкіндігін қарастыру орынды әрі пайдалы екені айтылды. Себебі шетелдік тәжірибеде осындай форматтағы қоғамдық топтастыру институттары көп кездесе бермейді.

«Ұлттық бірлік парадигмасының трансформациясы» тақырыбында Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры, Жас ғалымдар клубының мүшесі Риззат Берікұлы Тасым баяндама жасады. Ол қазіргі геосаяси, көші-қон және әлеуметтік үдерістерді ескере отырып, мемлекеттік саясатты жаңартудың стратегиялық пайымын ұсынды. Баяндамашы қоғамдық өзгерістердің қарқынды жүруі мен конституциялық реформалар ескірген тәсілдерден және ұлтаралық өзара іс-қимылдың енжар модельдерінен бас тартуды талап ететінін атап өтті. Мемлекет құрудың әлемдік тәжірибесін талдай отырып, сарапшы жекелеген топтардың оқшаулануына әкелуі мүмкін дәстүрлі мультикультурализмнің тәуекелдеріне назар аударып, жаңа тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі ретінде интеркультурализм қағидатын ұсынды.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының жетекші менеджері Дарханбек Жұманғалиевич Жандильдин «Этносаяси үдерістерді басқару: халықаралық тәжірибелер» тақырыбында баяндама жасады. Ол этносаяси үдерістерді басқарудың шетелдік тәжірибесін, этносаралық қатынастарды реттеудің заманауи тәсілдерін және халықаралық тәжірибелерді Қазақстан жағдайында қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының Ксенофобия мәселелерін зерттеу орталығының директоры Жансая Дабылқызы Аканова «Қазақстандықтарды не біріктіреді? Қоғамдық санадағы Отан бейнесі және ұлттық бірлік нышандары» тақырыбында баяндама ұсынды. Баяндама барысында азаматтардың Отан бейнесі мен жалпыұлттық бірлікті қалыптастыратын факторлар туралы түсініктерін көрсететін әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері таныстырылды. Қазақстандағы барлық этностар өкілдерін біріктіруші маңызды факторлар ретінде көрініс табатын негізгі нышандарға талдау жасалды. Зерттеу барысында осы іргелі ұғымдарды қабылдаудың өңірлік ерекшеліктеріне айрықша назар аударылып, республиканың әртүрлі облыстарындағы қоғамдық сананың өзіндік қырлары анықталды.

Отырыс барысында этносаралық қатынастарды одан әрі дамытуға, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға және ортақ құндылықтар кеңістігін қалыптастыруға негіз болатын «Бірлік пен келісім» тұжырымдамасын талқылауға ерекше назар аударылды. Қатысушылар қоғамдық келісімді сақтаудың заманауи тетіктері, тиімді шешімдер әзірлеудегі ғылыми зерттеулердің рөлі және мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы өзара іс-қимылдың маңызы жөнінде пікір алмасты.

Ғылыми-сарапшылық кеңестің кеңейтілген отырысы кәсіби пікір алмасуға және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған ғылыми негізделген тәсілдерді әзірлеуге арналған маңызды алаңға айналды. Талқылау мемлекеттік этносаясатты жүйелі сараптамалық сүйемелдеудің, диалог мәдениетін дамытудың және қазақстандық қоғамда бірлік, келісім мен өзара құрмет қағидаттарын дәйекті түрде ілгерілетудің маңыздылығын көрсетті.

Мұндай іс-шараларды өткізу ғылыми-сараптамалық өзара іс-қимылды дамытуға, Қазақстан Республикасында этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған өзекті тәсілдерді қалыптастыруға ықпал етеді.

Редактор ИПЭИ

News