Institute of Applied Ethnopolitical Research
more

Конституциялық реформа және этносаралық тұрақтылық мәселелері жөніндегі сараптамалық диалог

Конституциялық реформа және этносаралық тұрақтылық мәселелері жөніндегі сараптамалық диалог
2026 жылғы 19 наурызда Астана қаласында Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты «Конституциялық реформа және этносаралық тұрақтылықтың институционалдық кепілдіктері» тақырыбында сараптамалық кездесу өткізді.

Іс-шараны ашқан ҚЭЗИ  Этносаралық ахуал мониторингі орталығының директоры Кәрім Жұлдыз 2026 жылдың I тоқсаны бойынша «Елдегі этносаралық жағдайдың мониторингі» атты социологиялық зерттеудің нәтижелерін таныстырды. Өз баяндамасында ол Қазақстандағы қоғамдық көңіл-күйдің негізгі үрдістеріне, этносаралық өзара іс-қимыл деңгейіне және әлеуметтік тұрақтылық факторларына ерекше назар аударды.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қоғамда қазіргі жағдайды оң қабылдау деңгейі жоғары деңгейде сақталып отыр. Сарапшының айтуынша: «Жалпы алғанда, өз өміріне қанағаттану деңгейіне қатысты айтсақ, респонденттердің басым көпшілігі оң бағалар берген. Атап айтқанда, респонденттердің 83,8%-ы өз өміріне толық немесе көбіне қанағаттанатынын атап өтті».

Сонымен қатар, этносаралық қатынастардың жай-күйіне ерекше мән берілді. Кәрім Жұлдыздың атап өтуінше: «Халықтың бағалауынша, тұрғылықты жерлердегі этносаралық қатынастар деңгейі тұрақты түрде жоғары күйінде қалып отыр – «қолайлы» және «тыныш» деген оң бағалардың жиынтық үлесі шамамен 94%-ды құрайды».

Сараптамалық бөлім аясында Саяси өзекті мәселелер институтының директоры Сергей Коновалов сөз сөйлеп, қазақстандық қоғамдағы ұрпақаралық өзгерістерді саяси жүйенің трансформациясының маңызды факторы ретінде қарастырды. Ол Қазақстанның жаңа әлеуметтік-саяси шындық кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Бұл кезең демографиялық өзгерістермен, азаматтық бірегейліктің күшеюімен, цифрландыру деңгейінің жоғарылауымен, сондай-ақ миллениалдар мен зумерлер секілді жаңа буын өкілдерінің рөлінің артуымен сипатталады.

Осы тұрғыда сарапшы: «Бүгінгі таңда Қазақстан жаңа шынайылық жағдайында өмір сүріп отыр. Конституциялық реформа – жаңа жағдайларға бейімделудің маңызды элементі. Бұл өзгеріп жатқан ахуалдарға олар өздігінен талап етпей тұрып жауап беру үшін қажет» деп атап өтті.

Аталған ойды жалғастыра отырып, Сергей Коновалов Конституцияның қоғамдық келісімнің негізі ретіндегі маңызын айқындады: «Конституция ең алдымен қоғамдық консенсус болуы тиіс. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы әлеуметтік келісім. Аталған келісім мәдени-өркениеттік және менталдық тепе-теңдікті ескеруі қажет».

«Ашық микрофон» блогы аясында қатысушылар жаңа мемлекеттік институт – Қазақстан Халық Кеңесінің қызметіне қатысты негізгі мәселелерді талқылады. Сарапшылардың пікірінше, оның құрылуы саяси жүйені жаңғырту үдерістерінің өзекті бағыттарын және «еститін мемлекет» тұжырымдамасының дамуын көрсетеді.

Аталған институт мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың тиімді тетігі ретінде қарастырылып, басқарушылық шешімдерді қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысуын кеңейтуге ықпал етуі мүмкін екені атап өтілді.

 

Қорытындылай келе, сарапшылар Қазақстан Халық Кеңесінің әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіру мен үйлестіруді қамтамасыз ететін маңызды консультативтік-кеңесші алаңға айналу әлеуетіне ие екенін атап өтті. Сонымен қатар оның алдағы рөлі шешім қабылдау үдерістеріне нақты ықпал ету деңгейіне және қоғам тарапынан көрсетілетін сенім деңгейіне байланысты болатыны айтылды.

Редактор ИПЭИ

News