Institute of Applied Ethnopolitical Research
more

Астанада ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің отырысы өтті

Астанада ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің отырысы өтті
2026 жылғы 9 ақпанда Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің отырысы өтті.

Отырыс барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасын және оның қоғамдық бірлікті мен этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған негізгі ережелерін белсенді түрде қолдады. Сарапшылар жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың ерекше тарихи маңызын атап өтіп, олардың мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты дамытуда қоғамдық институттардың рөлін арттыруға бағытталғанын жеткізді.

 

Өз сөзінде ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Садвокасова: «Қазақстан қоғамындағы әділеттілік – бұл қоғам мен тұлға арасындағы, оның әлеуметтік қатынастар жүйесіндегі орны мен рөліне қатысты, құқықтары мен бостандықтарының іске асу деңгейімен айқындалатын консенсус», – деп атап өтті.

Сондай-ақ «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдарының кандидаты      Андрей Чеботарев ұсынылып отырған реформалардың биліктің институционалдық тепе-теңдігін нығайтудағы маңызын атап өтті. Оның пікірінше: «Жүргізіліп жатқан реформа – елдің саяси жаңғыруының негізгі кезеңдерінің бірі және ол, әсіресе бірлік пен этносаралық келісімді нығайту саласында, базалық құндылықтар мен қағидаттарға әсер етеді».

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекет басқару академиясының ғылыми қызмет жөніндегі вице-ректоры Алия Масалимованың айтуынша, «жаңа Конституция жобасының өзегінде адам, оның құқықтары, әлеуметтік қорғалуы және тұрақтылық пен бейбітшілік жағдайында өз әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігі тұр».

ҚХА Республикалық этномедиация кеңесінің және өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатовтың пікірінше, «өкілдік, инклюзивтілік және ашық диалог қағидаттарына негізделген мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттесуінің жаңа моделін бекітетін платформа ретінде еліміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болатын «Қазақстан Халық Кеңесін» құру ұсынылып отыр».

Қазақстан қырғыздары қауымдастығының төрағасы Шавкат Исмаилов та жаңа өзгерістерді қолдап, «Негізгі заң жобасын талқылау – ұлттың кемелденуінің, өз болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі» екенін атап өтті.

 

Отырыс қорытындысы бойынша ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері жүргізіліп жатқан реформаларды қолдау жөнінде үндеу жасап, жаңа Конституцияны қабылдаудың қажеттілігімен толық ынтымақтас екендерін білдірді.

Үндеу

Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, еліміздің болашағы үшін тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, жаңа Конституция жобасын бірауыздан қолдаймыз.

Конституция – мемлекетіміздің іргетасын, ұлттың болашағын, құндылықтары мен басымдықтарын айқындайтын ең жоғары құқықтық бағдар. Қазіргі тарихи кезеңде жүргізіліп жатқан реформалар елдің саяси жаңғыруының маңызды бағыттарының бірі болып табылады және қоғамдық бірлікті, этносаралық келісімді әрі биліктің институционалдық тепе-теңдігін нығайтуға бағытталған негізгі құндылықтар мен қағидаттарды қамтиды.

Ғылыми-сарапшылық кеңес мүшелері азаматтардың қатысуымен құрылатын жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесін құру бастамасына бірауыздан қолдау білдіреді. Бұл институт азаматтардың ел басқару тетіктеріне қатысуының жаңа стандарттарын конституциялық деңгейде бекітіп, мемлекет пен қоғам арасындағы ашық, инклюзивті және өкілдік диалогты қалыптастыруға платформа бола алады. Осы ретте, ұсынылып отырған реформаларды объективті, кешенді және сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеу үшін Ғылыми-сарапшылық кеңестің рөлі ерекше маңызға ие.

Біз жаңа Конституция жобасы диалогқа, жауапкершілікке және әрбір азаматты құрметтеуге негізделген әділетті әрі ашық басқаруды қамтамасыз етеді деп сенеміз. Біз үшін жаңа жобада жеке тұлғаның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиетін басымдық ретінде айқындайтын адамға бағдарланған мемлекет моделінің бекітілуі маңызды.

Ұсынылып отырған реформалар азаматтық бірегейлік пен этномәдени әралуандықтың үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін, жалпұлттық бірлік, келісім және азаматтардың ынтымақтастығының жасампаз қағидаттарына негізделген сенімді құқықтық шеңбер қалыптастырады деп сенеміз.

Қолға алынған реформаларды бірауыздан қолдайтынымызды және Қазақстанның барлық азаматтарын жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырамыз!

 

Редактор ИПЭИ

News