Отырыс жұмысына депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, сараптамалық және ғылыми қауымдастық мүшелері, сондай-ақ бейінді ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Этносаралық саланы дамыту және қоғамдық көңіл-күйді мониторингтеу» тақырыбында Луиза Узарова, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры баяндама жасады. Өз сөзінде ол қоғамдық көңіл-күйді жүйелі түрде мониторингтеудің, этносаралық саланы дамытудың және деструктивті көріністердің алдын алуда ғылыми-талдамалық құралдарды пайдаланудың маңыздылығын атап өтіп, сондай-ақ қоғамдық келісімді нығайтудағы сараптамалық зерттеулердің рөлін ерекше атап өтті.
Отырыс барысында экстремизм мен радикализмнің алдын алу саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар, уәкілетті мемлекеттік органдардың деструктивті көріністердің алдын алу жөніндегі қызметі, сондай-ақ радикалдану тәуекелдерін төмендету мен этносаралық инциденттердің алдын алуда қоғамдық келісімнің, конфессияаралық диалогтың және медиацияның маңызына қатысты мәселелер қаралды.
Талқылау аясында қатысушылар көтерілген тақырыптар бойынша сұрақтар қойды. Отырыс қорытындысы бойынша «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы тарапынан профилактикалық жұмысты жетілдіруге, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, сондай-ақ қоғамдық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдар берілді.

