Institute of Applied Ethnopolitical Research
more

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті
2024 жылғы 6 қарашада Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, онда Жас ғалымдар клубының жобалары, жастардың құндылықтық бағдарларын зерттеу мен ҚХА ҒСК мүшелерінің ротациясы мәселелері талқыланды.

Іс-шараға ҚР ПӘ ҚХА Хатшылығының мен ҚР МАМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің өкілдері, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің және өңірлік Ғылыми-сарапшылық топтардың мүшелері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Қатысушыларға алғы сөзін ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов жолдады. Ол жас ғалымдардың этносаралық келісімді нығайтудағы және Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық әлеуетін дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Отырыс модераторы ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары, ә.ғ.д. Айгүл Садвоқасова болды. Ол ҚХА ҒСК құрамын жаңарту және этносаясат пен әлеуметтану саласындағы жаңа мамандарды тарту қажеттілігіне назар аударды.

Спикерлер ретінде ҚР МАМ Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары, PhD Олжас Бейсенбаев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, әлеуметтанушы, PhD докторы Эльмира Отар және әлеуметтану ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, профессор Айгүл Забирова сөз сөйледі. Олар этносаралық қатынастардың өзекті мәселелерін зерттеуге және жастар арасында құндылықтық бағдарларды қалыптастыруға бағытталған Жас ғалымдар клубының жобаларын таныстырды.

Өз сөзінде Олжас Бейсенбаев Жас ғалымдар клубы идеялармен алмасуға және қоғамдық келісім мен ұлт бірлігін нығайтатын ғылыми жобалар бойынша бірлескен жұмыс атқаруға арналған алаң болатынына сенім білдірді.

Эльмира Отар ғылыми әзірлемелерді практикаға енгізудің маңыздылығын атап өтіп, кешенді зерттеулер жастар арасында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың тиімді тәсілдерін әзірлеуге көмектесетінін айтты.

Айгүл Забирова ҚСЗИ зерттеулерінің нәтижелерін назарға салып, Қазақстан жастарының құндылықтары, қазіргі кезеңдегі елдегі азаматтық қоғамның даму үрдістері мен тенденциялары мәселелерін көтерді. Спикер ұрпақтар теориясының негіздерін түсіндіріп, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру мен дамытуда әртүрлі жастағы топтардың маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ ұрпақтардың арасындағы құндылық бағдарлары мен өмірлік ұстанымдарындағы айырмашылықтарды белгіледі.

Отырыс барысында ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелерінің ротациясы мәселелері талқыланды. Қатысушылар Кеңестің тиімділігін арттыру және қазіргі заманғы сын-қатерлерге бейімделу үшін оның құрамын жаңартудың қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының шешімімен тарих ғылымдарының докторы, профессор және ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Жамбыл Артықбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шара конструктивті диалог және пікір алмасу ахуалында өтті. Отырыс қорытындысы бойынша ұсынылған жобаларды іске асыру бойынша нақты қадамдар белгіленді.

Редактор ИПЭИ

News