Institute of Applied Ethnopolitical Research
more

Этносаралық саладағы проблемалық мәселелер мен үрдістерді зерделеу жөніндегі жұмыс тобы отырысы

Этносаралық саладағы проблемалық мәселелер мен үрдістерді зерделеу жөніндегі жұмыс тобы отырысы
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті гибридті форматта этносаралық саладағы проблемалық мәселелер мен үрдістерді зерделеу жөніндегі жұмыс тобының «Этносаралық ксенофобия және «өшпенділік тілінің» интернет кеңістігінде таралуы, сондай-ақ оның қоғамдық көңіл-күйге теріс әсері» тақырыбында отырысын өткізді.

Отырыс АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Н.Шойкиннің, АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының, ҒЖБМ Тіл саясаты комитеті басшылығының, Философия, саясаттану және дінтану институты, «Шаңырақ» ҚХА кафедралары қауымдастығы, ҮЕҰ өкілдерінің және өңірлердің ҚХА Ғылыми-сараптамалық топтарының қатысуымен өтті.  

Отырыс тақырыбы аясында сарапшылар интернет кеңістігінде этносаралық ксенофобия мен «өшпенділік тілінің» таралуы мәселелерін қарастырды, әлеуметтік желілердегі түрлі этностардың өкілдеріне қатысты кемсітушілік пен қорлаушы риторикадан туындайтын тәуекелдерді талқылады. Сарапшылар ақпараттық саладағы «өшпенділік тілі» дамуының және этносаралық саладағы шиеленістің алдын алу бойынша нақты шараларды ұсынды.

Атап айтқанда, Ғ.Н.Шойкин әртүрлі этнос өкілдеріне қатысты теріс пікірлер мен бағалаулардың, қорлайтын риториканың артуын ескере отырып, мемлекеттік органдардың, сарапшылық қоғамдастықтың және ҮЕҰ-ның қатысуымен «өшпенділік тілі» дамуының алдын алу бойынша кешенді жұмысты ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығымен бірлесіп әзірленген Қазақстандағы этносаралық «өшпенділік тілін» еңсеру жөніндегі «QazNetEtiquette» Әдеп кодексі және оны ел азаматтары арасында түсіндіру қажеттілігі туралы айтылды.

Сарапшы Ш.Е.Джаманбалаева азаматтар арасында этносаралық ксенофобияға «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру қажеттігін атап өтті, ал ғалым М.С.Шайкемелев этносаралық толеранттылық пен келісімді қамтамасыз ету, әлеуметтік желілерде ксенофобияның алдын алу үшін оқу орындарында көпмәдениетті білім беруді енгізу қажеттілігі туралы пікір білдірді. Доцент Б.Божбанбаев жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларында «Қазақтану» пәнін жетілдіруді ұсынды.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен ғалымдар ксенофобия фактілеріне қоғамдық реакцияның және әлеуметтік желілердегі ҚХА өкілдерінің белсенді комментарийлік жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша отырысқа қатысушылар этносаралық қатынастардың өзекті проблемалары бойынша ғылыми-сараптамалық дискурсты жалғастырудың орындылығы туралы ортақ пікірге келді, бұл мемлекеттік органдар мен қоғамдық құрылымдар үшін ақпараттық кеңістіктегі жағымсыз факторларды еңсеру бойынша пәрменді ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Редактор ИПЭИ

News