Еліміздің жасөспірімі арасындағы бұзақылық, тәртіпсіздік, тәрбиесіздік, зорлық-зомбылық осы соңғы кезде ғана өршіді ме? Әлде бұл бұрыннан бар жағдай, тек қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқасында ашылып жатыр ма?
Қазақстан жасөспірім арасындағы суицид бойынша әлем бойынша топ ондықтан көп жыл қатарынан түспеуде (!) Соның ішінде 9-14 жас аралығындағы балалар мен 15-24 жас аралығындағы жастар суициді әлем бойынша 6-орында. Осы жас аралығындағы суицид және суицид амалын жасаудың басты себебі мектептегі буллинг / зорлық-зомбылық пен отбасындағы зорлық-зомбылық / нашар ахуал алға тартылуда.
Желіде жүрген видеодағы қыздардың бір қызды зор қатыгездікпен ұрып соғуы бұқара назарына жеткесін ғана кешірім сұралды, айыппұл салынды. Ал видеоға түсірілмей қоғам назарына жетпей жатқаны қаншама? Ұрып соққан қыз кешірімді қаншалықты шынайы сұрады? Ата- анасына салынған айыппұл бұл қатыгездіктің қайталанбауына негіз болатынына дәл осы жағдайда менің сенімім аз.
Бұл жеткіншектер тәрбиесіндегі өрескел қателіктермен жұмысқа біз қоғам болып жаппай кірісуіміз керек. Дәстүрлі кім кінәлі сұрағы орынсыз. Бала, ата-ана, сынып жетекшісі, мұғалімдер, мектеп, қоршаған орта – қатыгездікке жол берген бәрі кінәлі. Не істеуіміз керек? Балалар тәрбиесі мәселесі бойынша терең зерттеу нәтижесінде дайындалған кешенді елдік бағдарлама керек.
Исландия мысалы. ХХ ғасырдың 80-90 жылдары Исландия жеткіншектері арасында бұзақылық, есірткі, ішімдікке салынушылық өршіген. Ең алдымен ел бойынша жасөспірімдер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде балалардың бұндай мінез-құлқының басты себебі ретінде ата-ананың бала өміріне қатыспауы / аз болуы анықталады.
Елдің бас қаласы Рейкьявиктен бастап ата-аналар қауымымен, үкіметпен кешенді шаралар қолға алынып, қазір Еуропаның бірқатар қалалары Исландия үлгісімен жастар тәрбиесі реформасын жүргізуде.
Мысалға, Исландияда ата-ана балаларымен мүмкіндігінше көбірек бірге уақыт өткізуі үшін олардың жұмыстан ертерек үйге қайтуына жағдай жасалған. Ата-ана үйіне 4-5ке дейін оралуға тырысып, балаларымен 8ге дейін уақытын өткізуге тырысқан.
Реформа қолға алынған кезеңде жеткіншектердің түнгі 10-нан кейін далада, бұқаралық жерлерде жүруіне тыйым салынған. Ата-аналар кешкі уақытта жаңа тәртіптің қатаң сақталуы үшін еріктілік негізінде түнгі кезекшілік пен рейдтер жүргізген.
Жеткіншектер бос уақытын мейлінше спорт, өнермен айналысуы үшін жылына әр жасөспірімге 500 доллар бөлінген.
Рейкьявик мэрі біздің кезінде чемпионатта Англияны жеңуіміздің басты себебі де осы реформа дейді.
Бізге Исландия революциясын қайталаудың қажеті жоқ. Бірақ сол іспеттес оң нәтиже берген үздік үлгілерді зерттеп, өзіміздің ерекшеліктерімізді ескерумен жастар тәрбиесі бағдарламасын қабылдаған жөн деп санаймын.
Әрине, қазіргі заман тыйымдар заманы емес, бірақ ұлт келешегі жастар осындай надан, көргенсіз, тәртіпсіз, тәрбиесіз, сотқар, бұзақы болса, нақты бір оң нәтижеге жеткенше қатаң шаралар керек те шығар...
Maqsut Narikbayev University (MNU) мысалы. Жоғары оқу орнындағы адам өмірінің кезеңі “Formative Years” – “тұлға қалыптастыру жылдары” болып саналады. Яғни, жоғары оқу орнының миссиясы тек жоғары білім беріп, маман ретінде дайындау емес, тұлғаны қалыптастыру. Бұл миссияны MNU-да, соның ішінде адами, ұлттық құндылықтар, мемлекттік тіл, заңдылық пен заң үстемдігі, академиялық адалдық, қайырымдылық, еріктілік пен мейірімділік, отансүйшгіштік пен ұлтжандылық, тарих пен мәдениет, әскери борыш, халыққа қалтқысыз қызмет етуді – Жастар ісі стратегиясы мен CSI жүйесі қолға алады.
CSI – Creativity Өнер Шығармашылық Спорт Креативті ойлау, Service Қызмет, Intelligence Интеллектуалдық даму – диплом алу үшін міндетті бағдарлама және 2 семестр шеңберінде 2 бағытты алуды міндеттейді. Жүйе студенттердің салалық қауымдастықтарына мүше
болып кіру арқылы жүзеге асады. MNU-дағы бұл жүйе Халықаралық бакалавриат (IB) бағдарламасы шеңберіндегі міндетті CAS жүйесіне негізделген.
Creativity Өнер Шығармашылық Спорт Креативті ойлау – осы бағыттағы студенттік қауымдастықтар студенттерді спорт шаралары мен сайыстарына қатысуға, музыка және бимен айналысуға, өнер кештеріне тартып, баулиды. Бұл бағыттың негізгі және жанама әсері спортпен сүйсініп шұғылдану қай сала болмасын көшбасшылыққа талпынуға жетелесе, өнер мен шығармашылық креативті ойлау қабілетін шыңдауға көмектеседі.
Service Қызмет – әлеуметтік, қайырымдылық, еріктілер жобаларына
қатысу арқылы халыққа, қоғамға қызмет ету, сол арқылы мейірімділік, шынайылық, әділеттілік, бірлік сияқты негізгі құндылықтарды сіңдіру.
Intelligence Интеллектуалдық даму – интеллектуалдық ойындар, ораторлық өнер, саяси дебаттар, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық мәселелерді талқылау, қыздардың көшбасшылығы, құқықтық сауаттылық сияқты бағыттардағы студенттік қауымдастықтар өз жұмысы және шараларымен студенттердің интеллектуалдық дамуына өз әсерін тигізеді.
Бұл үш бағыт оқу озаттарын тәрбиелеп қана қоймай, жоғары мектептің басты мақсаты тұлғаны қалыптастыруға өз оң әсерін тигізеді.
CSI жүйесімен қоса студенттердің патриоттық, ұлтжандылық сезімдерін тәрбиелеуде тарих пәнінің ерекше оқытылуы маңызды орын алады. Тарих пәнінің оқытушылары өткен тақырыптар бойынша Қазақстанның тарихи және киелі жерлеріне турлар ұйымдастырып, театралдық қойылымдар қойылады.
Университеттегі Академиялық адалдық саясаты мен жаппай қалыптасқан мәдениеті студенттердің өз күшіне сеніп, тек таза еңбекқорлық пен білімге құштарлық жеңіске әкелетінін ұғындырады. Бұл мәдениет студенттердің әділеттілік, заңдылық пен заң үстемдігін ұстануға ынталандырады.
Құндылықтарға негізделген білім беру Maqsut Narikbayev University
Басқарма Төрағасының орынбасары А.Кәрібозованың ҚХА ҒСК кеңейтілген отырысында сөз сөйлеуі